Venture Day аясында Орталық Азия венчурлық қорлары кездесті


ЖИ-көмекшіні әзірлеу жұмысы ақпан айының ортасында басталған. Алғашқы төрт айда команда жүйенің құрылымы мен міндеттерін анықтап, қажетті ақпараттарды жинады. Маусым айынан бастап әзірлемені жұмыс істейтін жүйеге айналдырып, күнделікті өтінімдерді бақылау және нәтижелерді тексеру процесіне көшкен.

Компания өкілдерінің айтуынша, жұмыс барысында жасанды интеллект агенттерін стартаптарды іріктеу және бағалау процесіне енгізген. Бұған дейін нарық, қаржы, заң салалары бойынша ақпарат жинау және талдау сияқты интеллектуалды жұмыстарды мамандар атқарса, қазір оларды ЖИ орындайды. Атап айтқанда, технология маркетинг, нарықты зерттеу, әлеуметтік желілерге арналған мәтіндер мен визуал материалдарды дайындау сияқты қосымша жұмыстарда да қолданылады.

IMG_2224“Біз бұл тәжірибемен бөлісіп отырған себебіміз: бүкіл венчурлық индустрияның жұмысын жақсартады деп есептейміз. Стартаптар мен венчурлық қорлардың жылдам әрі тиімдірек жұмыс істеуіне үлес қосқымыз келеді ”, - деді Марат Толыбай компанияның негізін қалаушы.

Қазір қолданылып отырған ЖИ-агенттің құны - айына шамамен 200 АҚШ доллары. Компания оны Anthropic-тің Claude платформасы арқылы пайдаланып отыр, қазіргі міндеттер үшін осы жазылым жеткілікті екенін айтты. Ал шешім қабылдауда жауапкершілік мамандарда қалады. Компания әзірге ЖИ дайындаған жазбалар, хаттар және басқа материалдарды жарияламас бұрын міндетті түрде тексеріп, мақұлдайды. Десе де, компания басшысы болашақта жазба жұмыстарының ЖИ бақылауына толық өтуі мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Бұл ЖИ-көмекшісі стартаптарды бір ғана критерий бойынша емес, бірнеше бағыт бойынша кешенді талдайды. Жүйе бұрын компанияда осы міндеттерді атқарған мамандардың жұмыс логикасына негізделіп жасалған.

“Біз бұрын осы бағыттарда жұмыс істеген әр қызметкердің тәжірибесіне сүйеніп, бес түрлі агент құрдық. Әр агент өз саласы бойынша стартапты тексереді”, - деді автоматтандыру бойынша маман Бекжан Мырзабек.

Компанияда маркетинг, заң, қаржы, өнім және команда бағыттары бойынша жұмыс істейтін бес маманның функциясы бес жеке ЖИ-агентке бөлінген. Әр агент стартапты өз бағыты бойынша бағалайды. Мысалы, маркетингке жауапты агент нарықты және компания көрсеткіштерін талдайды.

Жүйе, сонымен қатар, компанияның CRM базасына қосылып, бұрын қаралған стартаптар туралы ақпаратты пайдаланады. Ол қазіргі қаралып жатқан жобаға ұқсас бұрынғы стартаптарды тауып, олардың сол кездегі жағдайын және кейінгі нәтижелерін салыстыруға тырысады. Осы деректер стартаптың инвестициялық әлеуетін бағалау кезінде қосымша ақпарат ретінде қарастырылады.

ЖИ-көмекшінің жұмысы соңғы бірнеше айда нақты стартаптарды бағалауда пайдаланылып келеді. Бекжан Мырзабектің айтуынша, осы уақыт ішінде жүйе арқылы 100-ге жуық стартап өткен, оның шамамен 50-ге жуығы толық талдау циклінен өткен. Кейбір жобалар туралы қажетті ақпарат жеткіліксіз болғандықтан, толық талдау кезеңіне дейін жетпейді.

Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген инвесторлар жобаға қызығушылық танытып отыр. MA7 Ventures серіктесі Елжан Күшекбаев те балама технологияның жұмысын қысқаша таныстырып өтті. Әр елден келген венчурлық сала өкілдері жобаны өзара талқыға салып, артықшылықтарына тоқталды. Осылайша, венчурлық индустрияда жасанды интеллект тек стартаптарды іздеу құралы ретінде емес, инвестициялық шешімге дейінгі процестерді автоматтандыратын технология ретінде қолданыла бастады.

Басқа жаңалықтар