25 тамыздан бастап Қазақстанда QazETA электрондық кіру рұқсатына заңнамалық негіз қалайтын түзетулер күшіне енді. Күнге қарамастан, электрондық рұқсат әзірге міндетті болмайды - шетелдіктердің көпшілігі үшін шекарада және әуежайларда ештеңе өзгермейді, деп хабарлайды ZTB.KZ
Ұлттық статистика бюросы ның соңғы дерегіне сәйкес, еліміздегі әрбір тоғызыншы мектеп мемлекеттік емес, яғни жеке мектеп (8048 жалпы білім беретін мектептің ішінде 888-і). Соңғы онжылдықта жекеменшік мектептер саны 8 есеге дейін өскен (2016 жылы 112 жеке мектеп болған). Мемлекеттік мектепке баратын оқушылар саны 3 миллионнан асып жығылса, жеке мектепте оқитын оқушылар оның 10%-ға жуық үлесін құрайды.
Жекеменшік мектептердің көбеюі — өз кезегінде оқушылардың көбейіп, мемлекеттік мектептердің толып кетуі мәселесінің бір шешімі . Демография және көші-қон әсерінен оқушылар мектепке сыймай, шамадан тыс сыныптар ашылып, мектепке жүктеме бұрынғыдан да көбейді. Жылда жаңа мектептер тұрғызылып, көптеген мектеп жаңартылса да, Шымкент, Алматы қалалары және Ақмола, Қарағанды, Қызылорда сияқты өңірлерде үш ауысымды оқыту сақталған. Мұндай жүктеме оқушыға да, мұғалімге де кері әсерін тигізеді, ал қосымша мектептердің ашылуы мәселені жеңілдетері анық.
Мемлекеттік қолдау
Осыған сәйкес, 2018 жылдан бастап жекеменшік мектептерде орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңнамалық түрде енгізілді. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі жеке мектептерге әрбір оқушы үшін мемлекеттік қаржы алуға мүмкіндік берді. Одан бөлек, жеңілдетілген кредиттеу, мектеп құрылысына кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу және әкімшілік кедергілерді азайту тәрізді қолдау шаралары көрсетілді. Ресми тұжырымдамада бұл тетік жеке мектептердің өсуіне ықпал етті.

Фото: Павел Михеев, zakon.kz
Ата-аналар неліктен мектептерге миллион төлеуге дайын?
Жеке мектептердің көптеп ашылуы мектептер арасындағы бәсекені арттырды. Жаңаша мектептің иелері ата-аналар мен оқушыларды өзгеше форматтағы оқу бағдарламаларымен, заман талабына сай инфрақұрылыммен қызықтыра алды. Жеке мектептерде оқу ақысы орта есеппен айына 50 мыңнан - 600 мың теңгеге дейін, ал халықаралық және премиум деңгейдегі мектептерде 1 млн теңгеден жоғары. Жылына шамамен жарты миллион мен 13 миллион теңге арасын құрайды. Бұл ЖОО-ға жылына төленетін оқу ақысынан бірнеше есе көп.
Оқу құны өңірге, білім беру бағдарламасына, оқушы қабілеті мен деңгейіне және мектеп ұсынатын қосымша қызметтерге байланысты өзгереді. Оқитын бала болғанымен, ата-аналар мектепті өз қажеттілігіне қарай таңдауға ұмтылады. Шағын, әр балаға жеке көңіл бөлінетін сыныптар; шет тілдерін тереңдетіп оқыту, халықаралық бағдарламалар мен жоғары санаттағы мұғалімдер, қосымша үйірмелер сынды артықшылықтар жеке мектептерге сұранысты арттырады.
Сұраныс тапсырысты тудырады
Баланың толық күн оқуы; әдепкі оқумен қатар спорттық, шығармашылық және технологиялық үйірмелерге қатысу мүмкіндігі — күні бойы жұмыста болатын ата-ана үшін оңтайлы шешім.
Бірнеше баланы жеке мектепте оқыту отбасы бюджетіне салмақ түсіретініне қарамастан, кей ата-аналар мұны балаға салынған инвестиция санайды. Үш баласын да жекеменшік мектепке берген ата-анамен осы таңдаудың себептері, шығыны мен нәтижесі туралы сөйлестік.
“Жеке мектепте балалар мұғалімдерден қорықпайды, өздерінің талап-тілектерін ашық айта алады. Үй тапсырмасын да орындап, мектептен дайын келеді. Күніне үш-төрт рет тамақтанады. Развозкасы бар. Әсіресе жұмыс істейтін ата-аналарға өте ыңғайлы. Бағасы соған сай: “Бәйтерекке” айына 450 мың теңге, ал 125 High School-ға 137 мың теңге төледік», — дейді ата-ана.

Фото: BAQ.kz мұрағатынан
Жеке мектептер саны артқанмен, ондағы мұғалімдерді аттестациялау, оқушы үлгерімі, қалыптасқан стандарттарға сай оқуды ұсыну секілді сапа мәселелері күн тәртібінде. Былтыр оқушыларды есепке алу мен қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер анықталып, 22 жекеменшік мектеп лицензиясынан айырылды. Кейін жеке мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жаңа тетігі енгізілген.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы қаржыланатын жеке мектептерде бөлінген қаражаттың тиімділігі мен оқушыға білім беру қызметінің сапасы арасында нақты байланыс болуы маңызды. Бүгінде мектептің жеке немесе мемлекеттік болуы емес, оның оқушыға қандай білім бере алатыны басты өлшемге айналуы тиіс.
Мектеп қызметінің нәтижесі тек жеке кәсіпкердің емес, мемлекет пен ата-ана қаржысының ақталуына тікелей қатысты. Сонда жеке білім беру нарығының дамуы мектептер санының өсуімен емес, сапалы білім беретін, нәтижесі өлшенетін және қоғам алдында есеп бере алатын мектептердің үлесімен бағаланбақ.