25 тамыздан бастап Қазақстанда QazETA электрондық кіру рұқсатына заңнамалық негіз қалайтын түзетулер күшіне енді. Күнге қарамастан, электрондық рұқсат әзірге міндетті болмайды - шетелдіктердің көпшілігі үшін шекарада және әуежайларда ештеңе өзгермейді, деп хабарлайды ZTB.KZ
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — көшпенді халықтардың дәстүрлі спорт түрлері мен мәдени мұрасын дәріптейтін халықаралық сайыстар. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген. Жылда көшпенділердің жайлаудан қыстауға көшуінің аяқталуын білдіретін уақытта, қыркүйек айында өтеді.
Бүгінде жүзден астам елді қамтитын бұл шара Қырғызстанда бастау алған және биыл 4-рет көршілес елде өткізіліп жатыр. Қырғызстан ауқымды іс-шараның бастамашысы ретінде көшпенді халықтардың рухани мұрасын сақтап, әлемге танытуда елеулі үлес қосып келеді. Алғашқы ойындарға 19 елден 600-ге тарта спортшы қатысқан болса, кейінгі ойындарда қатысушы мемлекеттер мен спортшылар саны едәуір артты.
Биыл сайыстар тоғыз алаңда өтеді: Бішкек Арена, “Газпром” дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Дордой Номад, Шолпан-Ата ипподромы, Көкбөрү аренасы, “Рух Ордо” мәдени орталығы, Көшпелі өркениет орталығы және Қырчын этноауылы. Іс-шаралар таңнан басталып, түнгі уақытқа дейін жалғасады. Әртүрлі елден жиналған спортшылар ондаған дәстүрлі спорт сайыстарында бақ сынасады.
Бағдарламаға көкбөрү, көкпар, ат жарыстары, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі садақ ату, бүркітшілік және басқа да аңшылық дәстүрлер, ордо сияқты зияткерлік ойындар кіреді. Ойындарда салт-дәстүрдің сақталуы мен жаңғыруы, ұлттық құндылықтардың бой көтеруінен түрлі халықтың мәдени байланысы көрініс табады. Осы арқылы ойындар спорт пен мәдениетті біріктіретін халықаралық алаңға айналды.
Фото: Қырғызстан Президентінің ресми сайтынан
Ашылу рәсімі қалай өтті?
Ашылу салтанаты Орталық Азиядағы ең үлкен спортжай “Бішкек Аренада” өтті. Салтанатты маршпен Қырғыз Республикасының туы арена төріне шығарылып, артынша елдің мемлекеттік әнұраны шырқалды. Одан кейін қатысушы мемлекеттердің делегациялары сахна бойымен жүріп өтіп, халықаралық жарыстың ауқымы мен көпұлтты сипатын айшықтады. Көркемдік бағдарламада арнайы графика мен бейнепроекциялар қолданылған. Онда қыран құс пен отты барыс бейнелері қосыла еркіндік пен рухты, күш-қуатты символдық тұрғыдан жеткізді.
Салтанатты рәсім барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен бірінші ханым Айгүл Жапарова көрермен алдына шықты. Президент өз сөзінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көшпенді халықтардың тарихи және мәдени мұрасын сақтаудағы, сондай-ақ халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызын атап өтті.
Биылғы ойындардың ашылуы 31 тамыз Қырғызстанның Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп, мерекелік шараға ерекше мазмұн берді. Садыр Жапаров халықты айтулы күнмен құттықтап, келесі VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының 2028 жылы Татарстанда өтетінін хабарлады.
Фото: Қырғызстан Президентінің ресми сайтынан
Ашылу салтанатында көшпенді халықтардың өмірі мен тұрмысын бейнелейтін арнайы бейнебаян көрсетілді. Оның желісі сахнадағы жанды қойылыммен жалғасып, көшпенді халық пен батырлар образындағы әртістер көрерменге тарихи дәуір көріністерін сахналап берді.
Қойылымның бір бөлігі қырғыз халқының ұлы мұрасы саналатын “Манас” эпосына арналды. Рухты әуеннің сүйемелдеуімен жырдан үзінді оқылып, көшпелі өркениеттің ерлік рухы мен тарихи жады көркем жеткізілді.
Ең әсерлі бөлік ат үстіндегі көріністер болды. Шабандоздар ат үстінде қыз қуу, аударыспақ, көкпар секілді ойындарды көрсетті. Сахналық эпизодты қырғызстандық маман Жамиль Жұматаев қойған.
Жетіген, шаңқобыз, домбыра, қобыз сынды дәстүрлі аспаптардың үні сахналық қойылыммен астасып, көрерменге көшпенді халықтардың музыкалық мәдениетін танытты. Нарын облысының 17 жастағы тумасы Сезім Қорғонбаева өз даусымен кең даладағы жан-жануарлардың үнін салды. Оның орындауы көшпенділердің табиғатпен етене байланысын бейнелейді. Шоу отшашумен аяқталып, концертке ұласты. Каныкей, Amirchik, Роза Зергерлі және Николь Шерзингер сынды әйгілі әншілер өнер көрсетті.
Қазақстан шеңберінде
Ашылу салтанатындағы шоу қазақстандық шығармашылық топтың қатысуымен әзірледі. Режиссер әрі продюсер Андрей Хван бастаған мамандар қойылымды бір жылға жуық уақыт бойы дайындаған. Музыкалық сүйемелдеуге Ержан Серікбаев, ал техникалық шешімдерге Ильяс Тельтаев жауап берді. Шоуға арналған графика мен визуалды контентті Filmotion студиясы даярлаған.
Шоуға Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Ресейден келген 2 мыңға жуық биші қатысты. Түрлі ел өнерпаздары бірігіп спорттық жарыстың басталуын ғана емес, көшпенді халықтардың тарихы мен мәдениетін заманауи сахналық қойылым, музыка, би және визуалды эффектілер арқылы көрсетті.
Фото: Қырғызстан Президентінің ресми сайтынан
Бұған дейін көшпенділер ойындары Қырғызстанда 2014, 2016 және 2018 жылдары ұйымдастырылды. 2022 жылы Түркияда, 2024 жылы Қазақстанның бас қаласында өткен. Қазақстандағы ойындарда 89 елден 2 800 делегат, ал спорттық жарыстарға 2500-ге жуық спортшы қатысты. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленген. Ресми қорытынды бойынша қазақстандықтар 43 алтын, 32 күміс және 37 қола медаль жеңіп алды.
Биыл еліміз VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 152 спортшымен қатысып жатыр. Отандастарымыз жарыс бағдарламасындағы 43 спорт түрінің барлығында бақ сынайды. Доданың алғашқы күндерінде-ақ Қазақстан құрамасы жүлдеге қол жеткізді. Аударыспақтан Кәрім Нұрталап чемпион атанып, ел қоржынына алтын медаль салды. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сайлау Мұхаммеджан екінші алтынды иеленсе, 80 келі салмақта Расул Құрайыш күміс жүлделі болды.
Жамбы атудан Абзал Тұрлыбеков жеңімпаз атанса, алыштан Нұрсұлтан Қожагелдіұлы қола медаль алды.
Таяқ тартудан 90 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Есімбай қола жүлдегер атанды. Сонымен қазақстандық спортшылардың еншісінде 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль бар.